Анаң ғана

Алаңдайтын, жанын тыныш қоймайтын
Жан жылуын сен дегенде жоймайтын
Қия басып, қателессең егерде
Анаң ғана уайымдайтын, ойлайтын

Айрылғанда қолыңдағы барыңнан,
Сезінгенде өзіңді әлсіз жарымжан
Қиындығын ұққаныңда өмірдің
Анаң ғана табылатын жаныңнан.

Мына әлем ана дейді жаңғырып,
Біздер жүрміз лайықсызды ән қылып.
Уақыт өтсе сезім деген әшейін
Тек ананың махаббаты мәңгілік.

Көрінеді әлем кейде қараңғы,
Улайды кеп қараңғылық санаңды
Қай кезде де бола білген жаныңда
Ренжіте көрмегейсің анаңды

Өртегенмен өзектерді сан ызғар,
Өтелмейтін бәрібір де парыз бар
Ақ сүт беріп аялаған жасынан
Бүкіл пенде анасына қарыздар.

Нұрайым Нұрқабылова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!