Бұл әлемде керектінің бәрі бар,
Еңбек етсең іздегенің табылар.
Жүрер болсаң тек адалдық жолында,
Бақытыңның шырағы да жағылар.
Өмір ғажап сүре білсең түсініп,
Сонда алмайсың бақытыңды ұшырып.
Егер жақсы адамдармен сыйлассаң,
Берер ылғи төрден орын ұсынып.
Тіршіліктің көрсең де көп тарлығын,
Қиындықпен өтсе дағы тағдырың,
Бір Құдайдан үмітіңді үзбей еш,
Сабырменен жеңу керек барлығын.
Қуанышпен қайғы қатар жүретін,
Жылағанда кезің болар күлетін.
Жанашырың табылады қашанда,
Қадіріңді қай кезде де білетін.
Шыдай білу қажет өмір заңына.
Түні барда ататын бар таңы да.
Мейлі қанша қатал сәттер болса да,
Шүкірлік ет өміріңнің барыңа
Авторы: Досболат Санат.